«Құрбыма, әпкеме, сіңліме…

Әйелдің жан дүниесін түсінетін – әйел,

Тірек, қорған бола алатын да – әйел.

Сен жалғыз емессің.»

Мақпал Исабекова тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбында бейнебаян ұсынды. Декреттік демалыста отырған әнші қоғамдағы өзекті мәселелердің бірін қозғап, оны кезекті клипіне арқау еткен. «Жылайсың бекер» атты туындыға арналған видеода Мақпал Исабековадан бөлек, актер Шыңғыс Бейбітұлы мен актриса Замира Саидова басты рөлді сомдаған.

Авторлардың айтуынша:

«Бұл ән – әйелдердің бір-бірін қолдауы, күші мен үміті туралы. Туынды қорқыныштың көлеңкесінде өмір сүріп жатқан, тығырыққа тірелген әрі өзін жалғыз сезінетіндерге арналады. Композицияның әр сөзі – жан ауырғанын түсіну, бірақ сонымен қатар еркіндіктің баяу күшейетін дауысы да бар екенін жеткізу мақсатында жазылған. Бұл тек қасірет тарихы емес, өз құндылығыңды еске салып, ішкі күшіңді тауып, жаңа өмірге қадам жасауға шақыру.

Бұл ән: «Сен жалғыз емессің, жанында сені қолдауға дайын жандар бар. Олар сені көреді және сенің азапсыз болашағыңа сенеді», – деп айтады.

Бұл – ең терең қараңғылықта да сәуле бола алатын жылулық туралы ән.» – дейді.


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото: Instagram @makosyai