Айсәуле Бақытбек инстаграм парақшасында сұрақ-жауап айдарын өткізді. Блогер осылайша оқырмандарының көкейіндегі сұрақтарға жауап берді. Фолловерлерді көбіне Айсәуленің имиджі қызықтыратын көрінеді. Сондай сауалдардың бірі: «Сіздің күйеуіңіз барлық киімді киюге рұқсат бере ме? Киіміңіз күйеуіңізге ұнамай қалған жағдайда ескерту жасамайды ма?».
Баян Алагөзованың тұңғышының пікірі мынадай: «Бізде «рұқсат сұрау, тыйым салу» деген сияқты сұрақтар талқыланбайды. Екеуіміз де ақыл тоқтатқан, ересек адамбыз. Бізде де өзімізге тыйым салатын дүниелер бар. Бірақ ол бір-бірімізге рұқсат етпегеннен емес, бір-бірімізді сыйлағандықтан, бір-біріміздің көңілімізді қалдырғымыз келмегендіктен ондай әрекетке бармаймыз. Бірақ киімге, қыдыруға келгенде бір-біріміздің жұмысымызға араласпаймыз. «Не киемін?» деп күйеуімнен рұқсат сұрау туралы ой миыма да келмепті. Ал ол менің таңғаларлықтай образдарым үшін ақша тауып әлек. Мұндай дүниелерді ойлауға уақыты жоқ».
Айсәуле сондай-ақ, отбасындағы ұстанымдар мен бала тәрбиесіне қатысты ойын ашық білдірді. Блогер «неке деген – жалқауларға арналмаған» дейді. Сылқым, жұбыңмен өзара ортақ бітімге келу үшін, қиыншылықты бірге өткеріп, біге өсу қажет деген сенімде. Ал, қыздарының тәрбиесіне келгенде, Айсәуле ата-аналарға балаға ешқашан ашу-ызаны шығармауға кеңес береді.
Автор. Harper’s BAZAAR Kazakhstan. Источник заглавного фото: Instagram @aissaulebakytbek