Қазақ халқы ежелден бала есіміне ерекше мән берген. Себебі есім – тек атау емес, адамның болмысын, тағдырын айқындайтын маңызды белгі. Қазақта «Атын дұрыс қойсаң, айдарлы ұл болар» деген мақал бар. Ал есімді кім қояды, неге көбіне бұл жауапкершілік күйеуінің ата-анасына тиесілі?
Тамырын тереңнен тартқан дәстүр

Фото. Shutterstock.com. Автор. StockPhotoDirectors
Қазақ қоғамы патриархалды құрылымға негізделген. Яғни, ер адам – әулеттің ұрпағын жалғастырушы. Сол себепті отбасына жаңа туған сәби келгенде, ол әкесінің әулетіне тиесілі болып саналады. Бұл ретте, әсіресе ұл бала дүниеге келсе, оның аты мен болашағы сол әулеттің үмітімен байланыстырылады. Сондықтан да есім таңдау құрметі көбіне атасы мен әжесіне, яғни әкенің ата-анасына беріледі.
Есім қоюдағы әділетсіздік
Балаға ат қою барысында үлкендер көбіне өздеріне үлгі тұтқан кісілердің, ұлы бабалардың, қасиетті адамдардың есімін таңдауға тырысады. Тағы бір менталға сіңіп қалған дүние: тек қыздар туылған отбасында келесі дүниеге келген қыз баласының есіміне «Ұл» сөзін тіркестіріп қою. Мысалы: «Ұлболсын, Ұлтусын, Ұлжалғас, Ұлдана». Мұның астарында, кейінгі сәби ер баласы болса екен, осыдан кейін ұл дүниеге келсе деген ниет жатыр. Танымал актриса Ұлболсын Шалқарова да Айнұр Ілиясованың YouTube платформасындағы «Мамский әңгіме» подкастында дәл осы тақырыпқа байланысты өз ойымен бөліскен еді. Айтуынша, актрисаның анасы Ұлболсын деп атасы қойған есімді жақтырмай, алғашында қабылдамаған екен. Туу туралы куәлікке жазылып қойғаннан кейін ғана көріп, ұнатпағанын жасырмаған. Ұлболсынның өзі де «есіміме тек соңғы 2 жылда үйрендім» деген пікір қалдырды.
Келін мен оның ата-анасының рөлі
Келін – біте қайнасып, тамырын тереңге жайған әулетке жаңадан қосылатын адам. Яғни, үлкен бір әулеттің жаңа мүшесі. Көп жағдайда келіннің ата-анасы балаға есім қою мәселесіне араласпайды, себебі бұл әулеттің ішкі шаруасы саналады. Дегенмен, қазіргі заманда екі жақ та ақылдасып, ортақ шешімге келу жиілеп келеді. Бірақ ауылдық жерлерде немесе дәстүрді берік ұстанатын отбасыларда бұл міндет бұрынғыдай күйеуінің жақынына тиесілі болып қалған.
Қоғамдағы пікірлер таласы
Алайда қазір қоғамда екі ұшты пікір қалыптасқан. Бірі балаға дүниеге әкелген анасы ат қою керек десе, бірі отбасы ақылдаса отырып таңдалу керек есім дейді. Осындай кереғар пікірлердің ішінде ер адамның әулеті, ата-ене ат қойған дұрыс, тіпті тек әкесі қою керек есімді деген ойлар да бар.




Заманына қарай дәстүрі
Тек ер адамның отбасы мүшелері ғана бұл құқықа ие болып, басымдық алуы негізі қате түсінік. Себебі, ана сәбиін құрсағында 9 ай 9 күн көтереді, жүрек тұсында ұстап, өмірге алып келеді. Есім таңдауға келгенде де ең әуелі бұл құқыққа ана ие десек артықтық етпейді. Дегенмен бала ортақ, ана мен әкенің махаббатының жемісі. Есім таңдарда, болашаққа көз жүгірткенде бала ортақ болғанындай шешім де ортақ болғаны абзал. Ақылдаса отырып, әркім өз пікірін талқыға салып, әдемі деп тапқан есімді балаға берсе, бұл керемет отбасылық гармонияның үйлесімі. Дәстүр дәстүрімен, әулеттің ұрпағын жалғайтын бала екені де өз алдына бөлек тақырып. Заманына қарай дәстүрі. Сондықтан маңызы ескірген, түсінігі жаңғырған кейбір дүниелерге қоғам пікірін өзгертсе өте дұрыс.
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Фото. Shutterstock.com. Автор. Prostock-studio