Қазақтың маңдайына біткен бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 16-желтоқсан күні 95 жасқа толады. ҚР Халық әртісі мерейтойын атап өтуді бастап кетті. Астана қаласындағы «Астана Опера» театры сахнасында атақты өнер қайраткерлері бас қосып, аңызға айналған әнші Бибігүл Төлегенованы төл мерекесімен құттықтады.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған салтанатты шарада Шахимардан Әбілов, Айгүл Үлкенбаева, Альфия Каримова, сонымен қатар Зарина Алтынбаева, Толқын Забирова, Самал Бәйсейітова, Айзада Омарова және Нұрғалым Аманбай сынды көптеген танымал әртістер бой көрсетіп, қадірменді меймандар қатарынан табылды.

Өнер майталманының бейресми символына айналған Латиф Хамидидің «Бұлбұл» әнін Толқын Забирова орындады. Бибігүл Төлегенованың сіңірген еңбегі мен шеберлігіне деген құрметтің белгісі ретінде оған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан гүл шоқтары табыс етілді.


Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. www.gov.kz

Поделиться: