Жұлдыздардың танымалдыққа дейінгі өмірі әрдайым қызықты, әсіресе медиа тұлғалардың жанкүйерлері үшін. Фанаттар кумирлерінің өнер жолына қалай келгенін білуге құмар. Harper’s BAZAAR Kazakhstan шоу-бизнес өкілдерінің жастық шағына шолу жасап, олардың бүгінгі күнге дейінгі өзгерісін көрсетпек. «Жұлдыздар танымалдыққа дейін және қазір…» немесе «До и после» айдарының кезекті кейіпкері – актер Азат Жұмаділ.


Азат Жұмаділ – қазақстандық жас актерлер арасындағы сұранысқа ие жұлдыз. Тыңбай еңбектенуінің арқасында ол көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бір қызығы, Азат танымалдыққа ие болмай тұрып, талай жыл кастингтерге қатысып, бағын сынаған. Актер болғысы келген сәтте оған ең бірінші қолдау білдірген – туған әкесі.


Азат Жұмаділдің үлкен кинодағы дебюті 2015 жылы «Шлагбаум» фильмінде болды. Кейіннен, 2019 жылы «Жекпе-жек жолы» спорттық драмасында бой көрсетті. Десе де, актердің бағын ашқан жобалардың бірі – 2020 жылы тұсауы кесілген «Sheker» веб-сериалы.


Азат Жұмаділдің мансабы оның кәсіби және жеке өміріндегі өзгерістерімен ерекшеленеді. Ол шығармашылықта белсенді. Ал шынайы өмірде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанады. Таңдап түскен туындыларының да айтар ойы мен берер месседжі бар. Осылайша, Азат Жұмаділ жас көрермендерге мотивация беріп жүр.
Автор. Гүлдана Мұқан. Фотосуреттер: Кейіпкердің жеке мұрағатынан.