Қазіргі заманда салауатты өмір салтын ұстану қоғамның басты құндылықтардың біріне айналғаны сөзсіз. Әрине оның негізгі құрамдас бөлігі – физикалық белсенділік. Спортпен шұғылдану тек сіздің мүсініңізді бір қалыпта ұстау ғана емес, жалпы денсаулық пен психологиялық жағдайды жақсартуға үлкен әсер ететінін білгеніңіз абзал.
Физикалық белсенділіктің пайдасы

Фото. Shutterstock. Автор. PeopleImages.com — Yuri A
Дәрігерлер мен ғалымдардың айтуынша, аптасына кемінде 150 минут орташа қарқынды дене жаттығуын жасау жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтады, қандағы қант деңгейін тұрақтандырады және семіздіктің алдын алады. Сонымен қатар:
— Иммунитет күшейеді;
— Ұйқы сапасы жақсарады;
— Стресс деңгейі төмендейді;
— Ми қызметі жақсарады;
— Остеопороз, диабет, депрессия сияқты аурулардың қаупі азаяды.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) мәліметіне сәйкес, физикалық белсенді өмір салты ерте дүние салудың негізгі себептерінің бірі – жүрек ауруларының қаупін 30–40%-ға дейін төмендетеді.

Фото. Shutterstock. Автор. PeopleImages.com — Yuri A
Физикалық белсенділік түрі мен қарқындылығы әр адамның жасына, денсаулық жағдайына және мақсатына байланысты өзгереді. Жалпыға ортақ ұсыныстар:
Жаңадан бастаушылар – жеңіл жүгіру, серуен, йога немесе жүзу;
Орта деңгей – кардио мен күш жаттығуларының үйлесімі (аптасына 3–4 рет);
Жетекші мақсат – спортзал, күрделі HIIT-жаттығулар, кроссфит.
Өз денсаулығын қолына алып, дене бітімін, тұрақты салмағын ұстап қаламын деушілерге жеңіл спорт түрлерін ұсынуға болады. Мәселен, жаяу жүру, велосипед тебу, жүзу, пилатес, созылу (стречинг).
Жаяу жүру (серуендеу) — ең қарапайым әрі қауіпсіз жолы. Күніне 30 минут жаяу жүру жүрекке пайдалы, көңіл-күйді көтереді. Табиғат аясында серуендеу — қосымша релаксация. Оның үстіне адамның психологиялық күйін де қалыпқа келтіреді. Адамды барынша сабырлылыққа тәрбиелейді.
Велосипед тебу — буындарға күш түспейді, бірақ жүрек-қан тамыр жүйесін жақсартады. Қала ішінде де, табиғатта да жасауға болады. Бұл спорт түрін хобби етіп алған адам өз әлемінде өмір сүретін болады.

Фото. Shutterstock. Автор. Bohdan Malitskiy
Жүзу — денедегі барлық бұлшық етті жұмылдырады. Арқа мен омыртқа үшін өте пайдалы. Жарақат алу қаупі аз. Жүзумен тұрақты шұғылданған адамның бұлшық еті үйлесімді жетіледі, жүйке тамыры нығаяды, денедегі зат алмасу, тыныс алу мен қан айналу жүйесінің қызметі жақсарады.
Йога — икемділік пен тыныс алуды жақсартады. Стресті азайтып ұйқыны түзетеді. Спортты жаңадан бастаушыларға арналған жеңіл позалар қарастырылған.
Пилатес — арқа, іш бұлшық еттерін күшейтеді. Отырған күйде көп жұмыс істейтіндерге таптырмас таңдау. Қан айналымы бұзылса, қол-аяқтың ұюы, шаршау, бас айналу, шаш түсу, ісік, бет терісінің бүлінуі секілді мәселелер туындайды. Ал пилатес дәл осы қан айналымының жақсаруына жақсы әсер етеді.
Маңызды: Жаттығуды бастамас бұрын дәрігермен кеңесіп, денсаулық жағдайына ыңғайлы жоспар құрған жөн. Спорт – тек әдемі дене бітімі емес, мықты иммунитет, сергек сана, ұзақ өмір мен жақсы көңіл-күйдің кепілі. Тіпті күніне небәрі 30 минут болсын қозғалыс – денсаулығыңызға жасаған үлкен инвестиция!
Автор. Қорлан Тұрсынбекова. Источник заглавного фото. Shutterstock. Автор. New Africa