2024 отандық шоу-бизнес өкілдерінің жеке өмірінде біраз өзгеріс алып келген жыл. Биыл талай сүрбойдақ шаңырақ көтеріп, сылқымдар сүйіктілерін кездестіріп тұрмысқа шықты. Назарларыңызда көпшіліктің пайымымен «Жыл тойы 2024» атағына лайық деп танылған танымалдардың салтанатты рәсімдерін ұсынамыз.
2024 жылдың тамыз айында Фариза Ескермес ақ келін атанды. Актриса биыл көптен күткен үйлену тойын жасап, сүйіктісімен заңды некеге отырды. Фариза Ескермес пен Андрей Чалков шараға ерекше формат таңдап алған. Еуропалық стильде ұйымдастырылған салтанатты рәсім тілексіз өтті. Ескермес-тегі 3 түрлі қалыңдық көйлегін кисе, жас жұбайлар бал айына АҚШ-қа аттанатындарын мәлімдеді.
Көптен күткен ұлы тойлардың бірі Айқын Төлепберген мен Жұлдыз Өмірғалидің үйленуі. Жұп шаңырақ көтергендерін 9 жылдан кейін атап өтті. Айқын жары Жұлдызға 600 мыңдық неке жүзігін сыйлап, 6 қабатты тәтті десерт жасатып, мейрамхананы аймен безендіріліп, жұлдызбен көмкерген. Еске салсақ, шараның хедлайнері — ТМД елдеріне танымал әнші Алексей Чумаков.
Қоғамда үлкен резонанс тудырған «Дәстүр» хоррорының бас кейіпкері Ермек Шынболатов да биыл шаңырақ көтерді. Актер 350 мейманнның басын қосып, қазақтың барлық салт-дәстүрін жасап үйлену тойын өткізді. Серінің таңдауы Шымкенттік Гүлбала есімді ару. Ғашықтар әлеуметтік желіде танысып, 7 ай бойы қашықтықтан кездесіп жүрген. Ермектің жұбайы бүгінде 18 жастан енді асты.
2024 жылы Жансая Әбдімәлік ақ келін атанды. Еліміздің атағын әлемдік нарықта асқақтатып жүрген әйгілі шахматшының үйлену тойы дүркіреп өтті. 14 жасында қыздар арасында гроссмейстер атанған таланттың қуанышты жаңалығын ет жақындары сүйінші сұрап, инстаграм парақшасында бөлісті. Еске салсақ, салтанатты шараны жас жұбайлардың өздері құпияда ұстаған.
Ал Жансая сүйіктісімен 2023 жылдың сәуір айында ресми некесін қиған болатын. Жансаяның таңдауы — Нүриев Нұрахмет Қанатұлына түскен. Ол Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс» компаниясының төрағасы. Нұрахмет бұл орынға 2022 жылы 1-желтоқсанда тағайындалған.
Әнші, актриса әрі тележүргізуші Салтанат Серкебаева да биыл тұрмысқа шығып, алғашында жаңалығын барынша жасырып қалғысы келген еді. Алайда өнерлі бикештің сырға салу, ұзату рәсімі TikTok желісінде трендке ілініп, ректен бірақ шықты. Бүгінде Салтанат тойдағы контенттін мұрағат ретінде емін еркін жүктеп жүр. Ал актрисаның таңдаған жары Семейдің тумасы – Нұржан. Желіде Нұржан туралы басқа ақпарат жоқтың қасы.
Парижде сүйіктісіне ұсыныс жасап фолловерлерін шулатқан Марғұлан Әден де биыл үйлену тойын дүркіретіп атап өтті. Блогер әрі Мирас Жүгінісовтың продюсері Тараз қаласында 500 қонақтың басын қосып той жасады. Маргоның сүйіктісі — Жансая Иренші есімді сылқым. Ол 2001 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. Ғашықтардың танысқандарына 4 жылдай уақыт болды.
Автор. Гүлдана Мұқан. Источник заглавного фото. Instagram @fariza_yeskermes